Ауыл

Дипломмен ауылға 7 жас маман келді

Елбасы мен Үкіметтің саясатына сәйкес әр түрлі деңгейдегі әкімдердің ел алдында есеп бере бастағанына биыл алтыншы жыл. Осы уақыт аралығында аудан тұрғындарының әкімге қоятын талап-тілектерінің деңгейі, кездесуде көтерілетін мәселелердің мазмұны өзгерді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазір тұрғындар жеке басының қамынан гөрі ауыл-аймаққа ортақ проблемаларды шешіп беруді талап ететін болды. Тұрмыстың түзелгенін айтып, алыс ауылда отырған ағайындар ұялы телефон байланысын орнатып, көгілдір отынның құбырын тартып беруді сұрайды.

Қобда ауданының әкімі Любовь Исмағамбетова тұрғындар алдындағы биылғы есебін ауданның ең шалғай нүктесі саналатын 1018 тұрғыны бар Сөгәлі ауылдық округінен бастады.

Округтің орталығы Көкүй ауылы — аудан орталығынан 130 шақырым қашық аймақта орналасқан орманның етегіндегі шағын ауыл. Орынбор облысының Тұзтөбе ауданына қарасты Ресей ауылдарын Көкүйден бөліп тұрған Қобда мен Елек суларының қосылып ағатын тұсы да осы жерде. Қазақтың ақ бас сиырын өсіретін «Қазақстан» шаруашылығы бар бұл ауыл ауданға еңбексүйгіштігімен танымал. Есігінің алдынан орманы басталатын тұрғындар негізінен бау-бақша баптауды, Көкүйдің іргесіндегі Сөгәлі, Қоғалы, Қарасу ауылдары мал өсіруді кәсіп етеді.

Өткен ғасырдың соңындағы дағдарыс қиыншылықтары салдарынан шекара асып кеткендердің көбісі ел еңсесін тіктеген уақыттарда қайтадан оралуға ықылас білдірді. Қазір мамыражай тұрмыс кешкен ауылдың бесігі еңбекпен түзелгенін көргендер қайта көшіп келіп жатыр.

Ауылдағы орта мектепте өткен аудан әкімі Любовь Исмағамбетованың есебін тыңдауға жиналған тұрғындар ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстармен қатар, Сөгәлі ауылдық округіне қатысты да мәліметтерді естіп, есепті баяндамадан кейін сөз сұрады.

Ауыл тұрғыны Қуаныш Сатыбалдиев Ақтөбеден Көкүй бағытына тұрақты жүретін автобустың мәселесін шешіп бергені, бұрын қыс айларында қар басып қалып, қатынасты қиындататын ауыл арасындағы жолдардың қары аршылып жатқаны, жанар-жағармай проблемасы да шешілгені үшін аудан әкіміне алғыс жаудыртты. «Любовь Қабылқожақызының ауданның әр ауылына баласына қамқор болған анадай жаны ашитынын түсінеміз, дегенмен шалғайда жатқан біздің округке қамқорлық ерекше болғанын, Жиренқопаға қатынайтын 18 шақырымды жөндеп беруге көмектесуін қалаймыз», — деді Қ. Сатыбалдиев.

Өз алдына шаруа қожалығын ашып, 5 баласымен бірге бау-бақшада, орманда жаз бойы жұмыс істейтін Еразым Нұрпейісовты ауылдастары еңбексүйгіштігі үшін қатты қадірлейді. Жұмыс десе ішер асын жерге қоятын елгезек, қарапайым, ақжарқын азамат былтыр Наурыз мерекесі күні бесінші рет ұлды болып, облыс әкімі нәрестеге 100 мың теңге сыйақы берген-ді. Ол аудан әкімінің алдына өткен жылғы есепте қойған барлық сұрақтарының шешілгенін айтып, ауылдың алғысын облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа жеткізуді сұрады.

— Мектебімізге өткен жылы жөндеу жасалып, жаңадан құрал-жабдықтар алынды. Ауданға екі мектепке автобус келсе, соның біреуі біздің мектепке берілді. Ол ауылға келген күні мұғалімдер балаша қуанып, оқушылармен бірге автобусқа отырып алып, ауылдың көшесін айналып шықты. Қазір іргедегі Қарасу ауылының балалары осы автобуспен мектепке қатынайды, аудан орталығында өтетін шараларға да осы автобуспен барамыз.

Еліміз бойынша қолға алынған «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы ауылымызға 7 жас маман келгені кәдімгідей үлкен қуаныш болды. Желтоқсан айында ашылған балабақшада қазір 25 бүлдіршін бар. Жұмысбасты ата-аналар үшін «Балдырғанның» ашылуы өте тиімді болды.

Егер, бақша отырғызып, мал өсіріп, егін егіп кәсіп еткен адамды кәсіпкер деуге болса, онда осы ауылдың әр тұрғыны — кәсіпкер. Біз облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы ашып берген «Табыс» коммуналдық базарына өзіміз егіп шығарған өнімдерімізді бірнеше рет апарып саттық. Асқабақты, қарбызды, орман саңырауқұлағын қала тұрғындары лезде сатып алып кетті. Орыс әжелер «Балам, орманыңнан итмұрын әкелсең аламыз», — деп өтінді. Оны енді келесі маусымда теріп апарамын. Күзде екі бас мал сойып, ішек-қарнын, бас-сирағын тазалап апардым, сол бойда өтіп кетті. Яғни, «Табыстың» нағыз табыс әкелетін базар екеніне көзім жетті. Бұл әңгімені мысал еткенім, ерінбей еңбектенген адам жанына керектің бәрін табады дегім келгені ғой, — дейді Еразым Нұрпейісов.

Ауыл тұрғындары өткен жылдың аудан үшін ең басты жаңалығы болған «Қобда» энциклопедиясының шыққаны үшін аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді. Ауылға келген 7 жас маманның атынан сөйлеген Назым Оспанова: «Көкүйдің мектебінде жұмыс істеймін деп келген маман үшін барлық жағдай жасалған, біз 90 мың теңгеден көтермеақы алдық. Ауданның әр түпкірінен келген бізді ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды, қыркүйектен бері Көкүйге қатты бауыр бастық. Бірақ әрқайсымыздың әр пәтерде тұрып жатқанымыз бізді қинайды. Егер, осы ауылға 3-4 жыл еңбек ететін болсақ, біреудің үйінде тұра беру оңай болмайтын шығар. Сондықтан сізден жас мамандарға бір үй сатып алып беруді сұраймыз. Арамызда отбасын құрып үлгергендер де бар, осы мәселе шешілсе, алаңсыз жұмыс істей беруге болады», — деді.

Еңбекпен келген нанның дәмін білетін сөгәліліктер аудан әкімінің Көкүй мен Жиренқопа ауылдарының арасындағы жолды жаз айларында тегістеп жөндеп беруді және жас мамандарға арнап Көкүйден үй сатып алып беруді қолға алатыны туралы уәдесіне балаша қуанды. Любовь Қабылқожақызының құп көрген сөзіне риза болған ауыл тұрғыны Есенбай Ізбасов өткен жылы ауыл әкімі Қайырбек Әмірғалиевтің ықпалымен ауылға «Қазақстан» телеарнасын жалғайтын қабылдағыш қойылғанын, ұялы байланыс жұмыс істеп тұрғанын айтып, аудан бойынша атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Ол әлемдік дағдарыс басталды деген хабар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен тарала бастағанда «зейнетақы мен жалақы берілмей қалатын болды» деп қорыққан. Аудан әкімінің есебінен осы жылға қойылып отырған үлкен міндеттерді естіп, қаржы дағдарысының әсерінен қорқуға болмайтынын, бұрынғыдай еңбек етуді жалғастыра беру керектігін түсінгенін айтты.

Әкім мен тұрғындар арасында өрбіген емін-еркін әңгіме үстінде жасы 85-ке келген Мәжен Бектұрлинова қарияның берген батасы қарапайым ауыл тұрғындарының риза көңілін, ықыласын аңғартты. Ол: «Айналайын, өзіңнің ауылға келетініңді естіп мен де келдім. Жолың жіңішке болғанымен, әрқашан ашық болсын деген ниетпен ақ батамды беріп жатырмын. Қобданың 80 жылдық тойына бара алмай қалдым, сол кезде өзіңе арнап апарамын деп тоқып қойып едім», — деп әкімнің басына ақ түбіттен тоқыған аппақ шәлісін жапты. Балтаққа сүйеніп келген қарт адамның бұл ықыласына разы болған көпшілік орындарынан тұрып қол соқты.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Қарауылкелдінің айдыны

Өткен аптада Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді селосында шағын мұз айдыны ашылды. Ойын балаларынан бастап, бозбалалар мен бойжеткендер, тіпті жігіт ағалары да келіп, сырғанаудың мәнерін үйренуде. Кезінде «Алтын шайба» жүлдесін иеленген ауданның жас жеткіншектері коньки тебуді білмесе, үлкендері сырғанауды ұмытып қалыпты. Өйткені қысқы спорт  түрлерімен айналысуға ауданның географиялық жағдайы келсе де, аталмыш сала кенжелеп қалған еді. Сағатына 200 теңге төлеп жалға коньки алған әрбір бала 1 минутын босқа жібермей, құмары қанғанша сырғанайды. Спортты өздері де сүйетін Жандарбек Боранбаев пен Жұмаш Құрмашев сынды жігіттер көлемі 18 х 40 болатын алаңды өз күштерімен қоршап, су құйдырды. Өз қаражаттарына жиырма шақты коньки әкеліп, келушілер сырғанауды үйретіп те жүр. Алаңды кешкі мезгілде жарықтандырып, жастарға әсем әуендерде қосуды ұмытқан жоқ. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері көп болады.

Өткен жылдың 3 желтоқсанында аудан әкімі  мектептерге, № 14 кәсіптік лицейге, балалар спорт мектебіне мұз айдынын құю туралы тапсырма  берген болатын. Т.Жармағанбетов атындағы орта мектеп тапсырманы толық орындаса, №3 Қарауылкелді орта мектебі мен №14 кәсіптік лицейдің оқушылары мұз айдынының дайын болуын әлі күтіп жүр.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА,

Байғанин ауданы.

Табыстар талқыланды, сауалдар сарапталды

Ырғыз ауданының әкімі өңірдегі елді мекендердің  тұрғындарымен жиі кездесіп тұрады. Сондықтан аудан басшысына әрбір селолық округтегі жергілікті жағдай жете таныс деп айтуға болады. Аудан әкімі Мирхан Дуанбеков жыл басындағы алғашқы есепті жиналысын Аманкөл селолық округінен бастап, Тәуіп, Жайсаңбай селолық округтерінде жалғастырды. Өңірде өткен жылы атқарылған іс-шаралардан көпшілік құлағдар еді. Өйткені аудан әкімінің және әрбір селолық округ әкімдерінің тұрғындар алдында есеп берген баяндамасының тезистері күні бұрын аудандық «Ырғыз» газеті бетінде жарияланды. Мұнымен қоса бүгінде халықтың елдегі, жергілікті жердегі болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды білуге деген құштарлығы, белсенділігі артып отырғаны байқалады.

Үш округте өткен есепті жиналысында әкім әрбір салада жүзеге асқан іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталып, үстіміздегі жылға жоспарланған мәселелерді жан-жақты таныстырып өтті. Жиналыстарда аудан әкімі мен тұрғындар арасында ашық әңгіме өрбіді. Құтикөлдік зейнеткер Тыным Өменова, Аманкөл ауылынан келген ұстаз Шандоз Төлегенов, Жармада тұратын зейнеткер Кеңес Дауылбаев селолық округ тұрғындарына жасалып жатқан жұмыстар үшін әкімге жылы лебіздерін білдірді. Зейнеткерлер Снадин Жұбанышев, Қанатбай Тұртаев мал дәрігерлік қызметті жақсарту, мал ұрлығын азайту, республикалық бюджет қаржысымен салынып жатқан су құбырын уақытылы һәм сапалы жеткізу мәселелерін қозғады. Кәсіпкерлер Түбітбай Жарқынбаев пен Жұбатқан Манасовтардың ұсыныс-тілектеріне жергілікті бөгет құрылысын салу, жолаушы қатынасының тендеріне қатысты мәселелер арқау болды. Мектеп қызметкері Рысты Шайқақова халықтың жағдайы жақсарып келе жатқанын айта келіп, ауылға су құбыры келіп жеткенше, «Әйім» деген жердегі құдық суын пайдалануға болатынын айтты. Ол «бізге монша қажет» деген ауылдасы Есқали Шәуеновтің өтінішіне орай, «мұндай мәселені өзіміз де шеше аламыз» деген уәж білдірді.

Осыдан бір жыл бұрынғы Құтикөлдегі жиналыста Әлімбек Бимағанбетов өз алдына көл алып, балық аулау кәсібімен айналысқысы келетінін айтқан еді. Аудан басшысының сол Әлімбектің «Саркөлді» алуына қол ұшын бергендігі де осы басқосуда айтылды.

Тәуіп селолық округінің орталығы – Құйылыстағы жиналыс бұл жолы ауылдың жаңа клуб үйінде өтті. Аудан әкімінің есепті баяндамасынан соң, мұнда негізінен бір мәселе төңірегінде өтініштер туындады. Бұл ауылға дәріхана қажеттігі айтылды. Бір қызығы, өткен жылғы әкімнің есеп беру жиналысында да осы жағдай көтерілген болатын. Ауылда штаттағы дәрігердің жоқтығы, дәріхананың жұмыс жасамауы тәуіптіктердің түйінді мәселесіне айналғандығы аңғарылады. Тұрғындар осындағы жедел жәрдем автокөлігінің қызметіне риза еместігін білдірді. Селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қылышбай Пірімжаров, зейнеткер Сарқытбай Ортымов жоғарыдағы жағдайдың тездетіп шешілуін сұрады. Жиналысқа қатысқан аудандық аурухананың бас дәрігері Жасқайрат Сүлейменов көтерілген мәселені шешуге болатынын айтты.

Ал шалғайдағы Жайсаңбай селолық округінің тұрғындары Амантай Ұзақбаев, Сертай Мұқашев, Жолан Қарашбаевтар ауылдың ауыз су жағдайын жақсарту, дәрігерлік амбулатория  үйін салу, осында жедел жәрдем көлігін бөлу мәселелерін қозғады.

Жайсаңбайлық тұрғындармен кездесуде де аудан әкімі өңірдің хал-ахуалына кеңінен тоқтала келіп, осы жаңадан ашылған селолық округтің мәселелеріне қатысты қозғап жатқан іс-шаралармен таныстырды. Жайсаңбайға дәрігерлік амбулатория үйін салу биылғы жылға жоспарланғанын, жедел жәрдем көлігін бөлуге ықпал жасалатынын айтып өтті.

Жұртшылықпен жүздесулерде М.Дуанбеков жергілікті тұрғындар назарына ауылдың тазалығына, көркіне мән беру, біраз уақыттан бері қол үзіп кеткен бау-бақша өсіру дәстүрін жандандыру, жастардың еңбек етуге деген ынта-ықыласын арттыру жағдайларын тілге тиек етті.

Аудан әкімі есеп берген жиналысқа облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы Мереке Нұртазин және селолық округтерге өкіл болып бекітілген аудандық мекемелердің басшылары қатысты. Жиналыстарда жергілікті тұрғындар көкейлерінде жүрген кез келген мәселе жөнінде ой-пікірлерін еркін бөлісіп, түсініктер алуына мүмкіндік жасалды.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Тасқопалықтардың тұрмысы жақсарды

Темір ауданы әкімінің биылғы аудан тұрғындары алдындағы есебі Тасқопа селолық округінен басталды.

Кездесуді осы округтің әкімі Ә.Қалмағанбетов кіріспе сөзбен ашты. Биылғы жылы ауылда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, интернат үйінің салынуы, балалар бақшасының ашылуы, ауыл ішіндегі ауыз су мәселесінің шешілуі халықтың көңілінен шыққан жұмыс болғанын айтты.

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев есепті баяндамасында ауданда жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.

2009 жылы бюджетке жалпы салықтар мен басқа да төлемдердің жоспары 113,8 пайызға, аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 114,5 пайызға, шығыс бөлігі 101,2 пайызға орындалған.

Аудан әкімдігі шағын және орта бизнесті дамытуға, әсіресе, оны саны емес, сапасы жағынан дамытуға баса назар аударып келеді. Ал олардың өндірген өнімі мен көрсетілген қызметтері 103,5 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 113,2 пайызға өсті.

Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Ақсай селолық клубын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Кеңесту негізгі мектебіне қосымша сынып құрылысы салынды. Темір қаласында 100 орындық клуб үйі, Кеңқияқ кентінде спортзал, Тасқопа селосындағы интернат үйлерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Кеңқияқ кентінде мал өліктерін залалсыздандырып, жоятын құрылыстың жұмысы аяқталды. Коммуналдық тұрғын үйлерге инженерлік желілер жүйесі жүргізілді.

«Шұбарқұдықжылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы техникалар сатып алынды. Еңбекші, Саркөл селоларында 25 орындық балабақша ашылып, пайдалануға берілді.

«Покровка-Кеңқияқ» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өткізілуде. Өткен жылы 14,2 шақырымы жөнделді.

Жаңа жылдан бастап, аудандық «Темір» газетінің көлемі ұлғайып, сегіз бет болып, төрт беті түрлі-түсті бояумен шығарылуда.

Қазіргі таңда 360 ауыл шаруашылық құрылымы, оның ішінде 11 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 349 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басы барлық түрінен өсуде.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің өндірілген өнімі мен көрсетілген қызметтері былтырғы жылмен салыстырғанда, 857,8 млн. теңгеге немесе 132,4 пайызға орындалған. Бюджетке 525,9 млн. теңге салық түсті.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында ауданымыздағы білім беру саласында біршама жұмыстар атқарылды. Кереев орта мектебіне, сонымен қатар №2, №3, №4 орта мектептерге, Алтықарасу мектеп-балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

М.Әуезов атындағы, Бәшенкөл негізгі мектептері, Оқушылар үйі, музыка мектебі жөнделді.

Жыл басында жұмыссыздар саны 127 болса, қазір олардың саны — 109 адам.

Ауданда «Жол картасы» бағдарламасы аясында 126 әлеуметтік жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген 48 жас 27 мекемеге жұмысқа жіберілді.

Аудан әкімі есепті баяндамасында білім беру саласына, ұлттық бірыңғай тестілеудің өткен жылғы қорытындысына, жастар тәрбиесі мен дінге байланысты мәселелерге тоқталып, бұл жұмыстарда жіберіліп отырған кемшіліктерді сынға алды.

Жиналыста сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбасар Досанов: — Аудан әкімі ауданда атқарған жұмыстарды жинақтап айтты. Ал ауылда жасалған жұмыстарды өздерің білесіңдер. Талап күшейді. Ауызбіршіліктің арқасында қыруар істер атқарылып, ауданымызда, ауылдарда көптеген жаңа құрылыстар бой көтерді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Аудан әкімінің есеп беруі билік пен халықты одан әрі жақындастырады, — деді.

Бұдан кейін сөйлеген Орынгүл Қалдыбаева да ауылдағы игіліктерге тоқтала келіп, жасалып жатқан игілікті істерге халық атынан ризашылығын білдірді.

Жиналыста алда тұрған міндеттер сөз болды. Аудан әкімі ауылды абаттандыруға, тазалықты сақтау, көгалдандыру, жұмыссыздықты жою, тәртіпке байланысты тақырыптарға да назар аударды.

Қатысушылар аудан әкімінің есебіне жоғары баға берді.

М. ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

Басты мәселе — қала тазалығы

Шалқар қаласының  әкімі Ербол Данағұлов қаланың бес шағын ауданында кездесулер өткізіп, өткен жылғы атқарылған істерді баяндады, үстіміздегі жылы жүзеге асырылуға тиісті  жұмыстарға тоқталды.

Бұған дейін де қала әкімінің есебі алдын ала аудандық газет бетінде жарияланған болатын. Сондықтан да кездесулерге келген қала тұрғындары көп жайлардан хабардар еді. Қаланың бірқатар көшелеріне асфальт төселді, жаңадан жарық орнатылды. Тазалық күшейтіліп, күл-қоқыс жинайтын қосымша жәшіктер қойылды. Тазалық мәселесіне ардагер ағалардың араласуы тәуір нәтиже берді.

Қай кездесуде де тұрғындар орындалмаған, не қолға алынбаған күрделі мәселелерді атай алған жоқ. Қайта, атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Бұрынғы жылдары тазалық сақтала бермейтін Газшылар қалашығының көп түзеліп қалғанын айтты. Желтоқсан көшесінің жарықтанғанына қуанды. Рас, ұсақ-түйек кемшіліктер әлі де бар. Кей кездері газдың тұрғындарға ескертусіз сөндіріле салынатын жағдайлары болады. Аяқ астынан ауыз су сапасы төмендеп кетеді. Көліктер көшелерде құйындатып, қатты жүреді. Сондықтан көшелерге көлік жүрісін тежейтін кедергілер орнату қажет сияқты. Бірсыпыра тұрғындар қоғамдық көліктердің жұмысын ширата түсуді еске салды. Қала әкімі бұл мәселелердің барлығының да шешімі табылатынын айтып, көпшілікті сендірді. Осы жылы Ө.Сейітов, Т.Шойғарин атындағы көшелер жарықтандырылады.

Қаланың Жұмысшылар қалашығы бөлігіндегі  кездесулерде тұрғындар Ақтөбе қаласына қатынайтын қалааралық пойыздың жолаушылар вагонын көбейту мәселесін көтерді. Оған билеттің жүруге  бір сағат қалғанда сатылатынын сынады. Мұнда билет сатуды тәулік бойы ұйымдастыруға әбден болар еді. Қаланың бұл бөлігінде  «Жедел жәрдем» көлігінің үнемі бола бермейтіні де айтылды. Батақтың Сарысы атындағы көшеге ауыз су құбырын орнату мәселесі сөз болды. Сонымен қатар, тұрғындар кейбір шағын көшелердің әлі де  жарықсыз қалып отырғанын, көшелердің ойылып, бүлінген жерлерін  дұрыстау, жеке үйлерге ауыз су құбырын кіргізу кезінде көшені бүлдірген тұрғындарға шара алу қажеттігі сияқты жайттарды тілге тиек етті. Бірен-саран жеке басының шаруасын айтқандар да болды. Мәселен, депо жұмысшысы Жұлдызай Үмбеталина қолында дипломы бар баласының екі жылдан бері жұмыссыз отырғанын айтып қынжылды. Сол жерде қала әкімі жас маманды тез арада  жұмысқа орналастыруға уәде берді. Көтерілген мәселелерді саралай келіп, әкім алғашқы кезекте қаладағы үлкен көшелер жарықтандырылатынын, шағын көшелерге кезек содан соң тиетінін, ал темір жол қатынасына байланысты айтылған ұсыныстар тиісті орындардың алдына қойылатынын, «Жедел жәрдем» көлігіне қатысты, көшелердің ой-шұқырын қалыпқа келтіру жөніндегі мәселелер мүмкіндігіне қарай орындалатынын бірден ашып айтты.

Ә.Жангелдин қалашығының тұрғындары балабақша ашу, тазалық, жастардың тәртібі мәселелерін қозғады. Тұрғындар сауалдарына жауап беру кезінде қала әкімі балабақша ашу бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін, оның бірінші мүмкіндікте шешілетінін тілге тиек ете келіп, қаланың бұл бөлігінде тазалыққа биылдан бастап басқаша көзқарас болатынын айтты. Бір жаңалық — соңғы жылдары қаланың солтүстігінен типтік жобадағы тазалық полигоны ашылғаны белгілі. Биылдан бастап, әрбір үйдің күл-қоқысы, тұрмыстық қалдықтары келісім-шарт арқылы сол полигонға шығарылады. Бұл жұмыспен «Инфраком-қызмет» коммуналдық мекемесі айналысады. Қала әкімі ардагерлерден құрылған тазалық комиссиясы мүшелерінің белсенді жұмысына алғыс айта келіп, жалпы қала тазалығына тұрғындардың бір кісідей жұмылып, атсалысуларын сұрады. Ал қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, мектептердің, ата-аналардың бірігіп жұмыс істеуінің арқасында топ болып жасалатын жастар бұзақылығының едәуір азайғанын атап өтті. Ә.Жангелдин қалашығында, жалпы, қаланың басқа да жерлерінде жиі-жиі түнгі рейдтер жүргізіліп тұрады. Егер келеңсіз жайттар болып жатса, кез келген тұрғын қалашыққа қарасты полиция пунктінің 22-6-78 телефонына хабарласа алады.

Даму аймағында орналасқан №8 орта мектепте өткен тұрғындармен кездесуде қаладағы атқарылып жатқан игі істер айтылды. Өткен жылы аталған аймақтан 107 тұрғынға тұрғын үй салуға жер берілсе, биылғы жылы да сол шамада жер бөлінеді деп күтілуде. Жеке тұрғын үйлер салынатын бұл жерлерге инженерлік жүйе барып тұр. Даму аймағының тұрғындары жазғы мезгілде су құбырларында қысым күшейтіліп, судан тапшылық көрмесек екен деген тілектерін де білдірді. М.Шыманұлы ауылының тұрғындары трассадан ауылға дейінгі көтерме жолды тазартып, жөнге келтіруді, ауыз су ұңғысын орнатуды сұрады. Қала әкімі тұрғындармен кездесулерде қойылған сауалдарға өз деңгейінде жауап беріп, шешуі қиын мәселелерді тиісті органдарға жеткізетінін айтты.

Қала әкімінің тұрғындармен болған кездесулеріне аудан әкімінің орынбасарлары С.Көпенов, Т.Садықов,  З.Жұмабаева, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Н.Мәмбетов, қала әкімінің орынбасарлары және қаладағы өз округтерінен сайланған депутаттар қатысып, жалпы елдегі, облыстағы, аудандағы атқарылып жатқан игі істерді, болашақта атқарылар жұмыстарды жан-жақты баяндап берді. Сонымен қатар кездесулерге халыққа қызмет көрсететін мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысып, тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.

Қ.ӘЛИН,

С.ҰЛЫҚПАНОВ.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button